Оған 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған
Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары 3 жылға сотталды. Ол жалған анықтама беріп, 300 мың теңге пара алған, деп хабарлады Шымкент қалалық сотының ресми сайты.
Қалалық соттың мәліметінше, сотталушы О.-ға қатысты қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жалпы тәртіппен қаралған. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі («Қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін айтарлықтай мөлшерде жеке өзі пара алу») бойынша айыпталған.
Азамат О. «Экология, геология, және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары, лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін жеке өзі айтарлықтай мөлшерде пара алу мақсатында, қызметтік кабинетінде куә Т.-дан 300 мың теңгені «Балықтың қайдан ауланғандығы» туралы анықтаманы бергені үшін алған, - делінген сот хабарламасында.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ақпаратынша, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ол айыптау бойынша кінәсын мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Сотталғанға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады сот.