×

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 400-ден астам стипендия бөлінді

Құжаттарды қабылдау 23 мамырдан басталады

 Динара Амантай 17.05.2022 | 15:07
Фото: bolashak.gov.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл тағылымдамадан өтуге құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады. Конкурстық іріктеу 2022 жылғы 30 мамыр мен 30 қараша аралығында өтеді.

Осы жылы магистратура мен резидентураға 385, докторантураға 60 стипендия бөлінді.

Техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 60 пайызға дейін ұлғайтылды. 

Басты назар инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға аударылатыны белгілі болды. Оның ішінде «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Авиация және аэроғарыштық техника. Әуе қозғалысын басқару», «Үлкен деректерді талдау», «Жаңа материалдар технологиясы», «Деректер базасын басқару», «Авиациялық техника және технологиялар», «Машина жасау», «Өнеркәсіптік автоматтандыру» және т.б.

Тізімге инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және өнеркәсіптік инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық енгізілді. Олардың 17-сі атауларын кеңейту арқылы бұрыннан бар мамандықтарға енді, – делінген хабарламада.

Жалпы биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша басым мамандықтар тізімінде академиялық оқуға 92, тағылымдамадан өтуге 158 мамандық қарастырылған. Басым мамандықтар тізімі техникалық мамандықтармен 30%-ға кеңейтілді.

Конкурстық іріктеу кешенді тестілеуден, тәуелсіз сарапшылық комиссиясы мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау сияқты үш кезеңнен тұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама