Halyq Uni логотип
×

Ақтаудағы екі баланың өлімі: Бас санитар қазақстандықтарға ескерту жасады

Пәтер иесі дезинфекциялық жұмысты өзі жүргізген, құралдарды да өзі сатып алған

 Дәурен Ерболат 24.10.2023 | 13:36
Ақтаудағы екі баланың өлімі: Бас санитар қазақстандықтарға ескерту жасады
Айжан Есмағамбетова, фото: ОКҚ

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Ақтаудағы екі баланың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас санитардың айтуынша, бүгінде қайғылы оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр.

«Алдын ала қорытындыға сәйкес, пәтер иесі дезинфекциялық жұмысты өзі жүргізген. Ол дезинфекция жасайтын құралдарды өзі сатып алған. Содан кейін оны пәтеріне шашып, отбасын алып кетіп қалған. Улы зат желдету жүйесі арқылы көршілердің үйіне тараған. Қазір қылмыстық із қозғалды, - деді Айжан Есмағамбетова Астанада өтіп жатқан МСАК бойынша жаһандық конференцияның кулуарында

Бас санитар дәрігер соңғы 3-4 жылда Қазақстанда зиянкестерді улайтын заттардың салдарынан өлім жиілегенін жеткізді. Осыған байланысты зиянкестерді улаумен айналысатын ұйымдардың қызметін лицензия беру арқылы реттеу мәселесі қаралып жатыр.

Биоқауіпсіздік туралы заң аясында 2024 жылдан бастап дезинфекциялау, дератизациялау жұмыстарымен айналысатын барлық ұйым мен адам лицензиядан өтеді. Олар мұндай жұмыс істегісі келсе, лицензия алуы шарт, - деді вице-министр.

Айжан Есмағамбетова қазақстандықтарға зиякестерді улайтын құралдарды сатып алмас бұрын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен бұйрықты сұрауға кеңес берді.

Мұндай жұмыстарды нұсқаулықты оқыған соң барып жүргізу керек. Ең дұрысы дезинфекция, дератизация жүргізетін мамандардың қызметіне жүгініңіз. Бұл жұмыстарды үйде өз күшіңізбен жүргізу қауіпті. Бұрын зиянкестерді улаумен айналысатын ұйымдардың қызметі реттелмеген. 2007 жылға дейін ондай реттеу болғанымен, кейін күшін жойды, - деді Айжан Есмағамбетова.

Бұған дейін Ақтауда көршісі пәтерінде қандала улағаннан кейін 2021, 2022 жылы туған екі баланың көз жұмғаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама