Қазақстан Парламентінде цифрлық көмекші енгізіледі
Сарапшы 70 жылдан бері жасанды интеллект елеулі өзгеріске ұшырағанын айтты
Қазақстан Парламентінде цифрлық көмекші енгізіледі. Ол депутаттарға заңдарды, тиісті ақпаратты тез табуға көмектеседі. Бұл туралы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенатта «Парламент жұмысындағы цифрландыру» тақырыбындағы семинар өтті. Онда Hellenic OCR Team компаниясының негізін қалаушы, доктор Фотиc Фитсилис Парламент жұмысына жасанды интелектіні енгізу маңызды екенін атап өтті.
«Біздің команда тиісті қолдау жасауға тырысады. Технологиялар саясатты басқармауға тиіс. Олар тек осы саладағы жұмысты жеңілдетуге үлес қосуы керек. Жасанды интеллект сияқты заманауи құралдарға тоқталайын. Бұл саладан келетін қауіпті де ұмытпау қажет. Кейінгі бір жылда жасанды интеллект қоғамда, БАҚ-та жиі талқыланатын болды. Дегенмен, жасанды интеллект 70 жыл бұрын пайда болған. Содан бері ол елеулі өзгеріске ұшырады», - деді сарапшы.
Фотиc Фитсилис Қазақстанға қандай қызмет ұсынатынын түсіндірді.
«Біз цифрлық ассистентті, яғни көмекшінің қызметін ұсынбақпыз. Оны депутаттар да, парламент құрлымындағы бөлімдер де, палата төрағасы да емін-еркін пайдалана алады. Канада, Аустралия, Бразилия, Аргентина және Еуропа парламентінде және басқа да елдерде заманауи бағдарламаларды енгіздік. Қазақстан да біздің желіге қосылады деген үміт бар. Команданың басты мақсаты – зерттеуге екпін қою. Сондықтан тәжірибеміз бен білімімізді әлем елдеріне таратуға талпынамыз. Біздің жұмыстың басым бөлігі цифрландыруға арналған. Заманауи технологиялар шығындарды азайтуға ықпал етеді», - деді Hellenic OCR Team компаниясының негізін қалаушы.
Семинардан соң Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов шетелдік сарапшының сөзін толықтырды.
Әрине, біз (цифрлық көмекшіні енгізу) процедурасын ұзаққа созбауға тырысамыз. Алайда мәселені талқылаймыз. Жаңа технологияны, жаңа велосипед ойлап таппай, жұмыс істеп тұрған жақсы технологияны енгігу маңызды. (Цифрлық көмекшіні енгізу) шамамен жарты жыл немесе бір жылдай уақыт алады деп ойлаймын, - деді ол.
Директор жобаны іске асыруға қанша қаржы жұмсалатынын әзірге нақты айта алмады.
Біз әлі қажет қаражатты есептемедік. Менің ойымша, (цифрлық көмекшіні енгізу) қымбатқа түспейді..., - деді Қанатбек Сафинов.
Сондай-ақ ол «Цифрлық көмекшіні енгізу депутаттардың, аппарат және басқа да мамандардың санын қысқарту мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.
«Әрине, жаңа технологиямен танысып, «Парламентаризм институты жабыла ма?» деп шошып кеттім. (Парламентте) ақпарат өте көп. Сондықтан адами фактор сақталады. Мұнда тек жұмыс жақсарады. Цифрлық көмекші технологияны игеруге көмектеседі. Қайталап айтайын, мұнда ақпараттың көлемі өте үлкен. Бізде көптеген заң бар. Олар бағдарлау кейде қиын. Дәл осы технология жауапты тез табуға көмектеседі», - деп сөзін түйіндеді директор.
Еске салайық, бұған дейін Грекия парламентіне көмектескен компания Қазақстанға шақырылғаны айтылды.