25 қазанда Республика күні Ұлттық мереке ретінде тойланады
25 қазан – Республика күні. Биыл Ұлттық мереке қарсаңында бірқатар азамат марапатталды. Halyq Uni мерекеге орай бұл датаға қатысты деректерді жинақтап, 2023 жылы енгізілген мемлекеттік наградаларға шолу жасады.
ЖАҢАДАН ЕНГІЗІЛГЕН МАРАПАТТАР
Президент тапсырмасымен биылдан бастап ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені тағайындалды.
Ақорданың хабарлауынша, бұл орден алғаш рет президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры Анатолий Башмаковқа, республикалық дүнген этномәдени орталығы бақылау кеңесінің төрағасы Ильяс Буларовқа, республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаиловқа, Қазақстан корейлері қауымдастығы қамқоршылық кеңесінің мүшесі Р.Кимге табысталды.
Сондай-ақ «Deutsche Allgemeine Zeitung» республикалық неміс газетінің бас редакторы Олеся Клименкоға, «Қазақстан шешендері мен ингуштарының «Вайнах» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тең төрағасы Ахмед Мұрадовқа, «Дустлик» Қазақстан Республикасы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Т.Нишанбаевқа берілді.
Биыл 1999 жылдан бері берілмеген «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта табысталды.
Үзілістен кейін жазушы Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубаев, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Ахмет Аширов және Любовь Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атанды.
«Қазақстанның халық әртісі» атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлеріне берілді. Олардың арасында Дінмұхамед Ахимовқа, Михаил Токарев пен Дулыға Ақмолда, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзенбаевқа, атақты әншіл Рамазан Стамғазиевке, Димаш Құдайбергенге және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді.
ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ МЕЙРАМЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін еліміздің ең басты мейрамы деп атап, қазақстандықтарды айтулы датамен құттықтады.
Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты, - деді Тоқаев құттықтауында.
Президент Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек екенін айтты.
Патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн. Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!, – деді Тоқаев.
1990 жылдың 25 қазанында Совет одағы құрамындағы Қазақ советтік социалистік республикасының (Қазақ ССР-і) «Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданды. Қазақ ССР жоғары кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжатта республиканың мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің тарихы баяндалған.
Құжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету және дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылған.
Республика аумағында тұратын азаматтарға КСРО Конституциясында және Қазақ КСР Конституциясында көзделген барлық құқық мен бостандық олардың ұлттық және партияға қатысты екеніне, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысы мен дініне, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан кепілдік беріледі. Азаматтық және ұлттық теңдікке қол сұғу заңмен жазаланады, - делінген декларацияда.
Құжат бойынша президент республиканың басшысы болып табылады және жоғары әкімшілік-атқарушы билікке ие.
Жоғары сот билігі Қазақ КСР жоғарғы сотына тиесілі. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялады. Ал 25 қазан 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген.
25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІ
«Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылдың 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – республика күні болып жарияланды.
Алайда алты жылдан кейін, 2001 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң қабылданғаннан кейін Республика күнінің мәртебесі мемлекеттік мерекеге өзгертілді.
2009 жылдың 22 сәуірінде бұл заңға өзгерістер енгізілді. Заң республика күнін мерекелеудің күшін жойды. Осылайша 25 қазан 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде мерекеленді.
2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ал тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды.
Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды.
Заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.
ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МЕРЕКЕНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Ұлттық мереке – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстанда белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді атап өту кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі.
Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстанның азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін.