6-ақ мың теңге айлыққа күнкөре алмай, Жүрсін Ерман екеуі қосымша такси жүргізіп жүріпті
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында елордаға Иманғали Тасмағамбетовтің арқасында көшіп келіп, үйлі болғанын айтты.
«Иманғалидың үйсіз-күйсіздерге, талантты адамдарға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Оны біз ұмытпаймыз. Әсіресе зиялы қауым Иманғалиды жақсы көреді», - дейді ақын.
Ол Иманғали Тасмағамбетовпен 2001 жылы Жазушылар одағында кездескен. Сондағы бірнеше секундтық диалогта әкім ақынды елордаға шақырып үлгеріпті. Сол сәтте Несіпбек Айтұлы «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүрген. 6-ақ мың теңге айлыққа күнкөре алмай, Жүрсін Ерман екеуі қосымша такси жүргізіп жүрген кезі екен.
Содан ол уәде етілген күні елордаға жетіп, Иманғали Тасмағамбетовтің қабылдауына кірген.
«Неден бастаймыз деді. Шақырған өзің, қызмет тауып бер дедім. Телефонды алды да: «Мырзатайға (Жолдасбеков) звондайын. Зиялы қауым соның айналасына жиналып жатыр», - деді. Имеке, мен ол кісінің шәкіртімін. Сізге хабарластырып отырғаным ұят болар, өзім-ақ барамын деп кеттім», - дейді ақын.
Кейін Мырзатай Жолдасбеков пен Сұлтанғали Садырбаевтың көмегімен газет редакциясына орналасқан. Көп ұзамай, жатақханадан орын берілген. Сөйтіп жүргенде екі жыл өтіп, Тасмағамбетов Алматыға әкім болып кеткен. Ал елорданың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев үй беруге уәде бергенімен, сөзінде тұрмапты. Содан Айтұлы Тасмағамбетовке қайта хабарласқан.
«Осы Абай көшесінен төрт бөлмелі үйді алып берді. Ақшасын төледі, мен өзім сатып алғандай қол қойып алдым. Осыдан басқа үй алған емеспін. Имекең қалтасынан төлеп, алып берді. Ол жақсылығын ұмытпаймын», - дейді ақын.