Оқушылар күзгі каникулда неше күн демалады?
Олар бос уақытын тиімді өткізуге тиіс
Қазақстан мектептерінде биылғы оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталуға жақын, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Күзгі каникулда оқушылар 2023 жылғы 30 қазаннан 5 қарашаға дейін 7 күн демалады.
Министрлік оқушылардың күзгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспарын ұсынып отыр:
- Жоғары сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен бірлесіп, ғылыми жоба жұмыстарының мазмұны бойынша ақпараттық-танымдық сабақтар, ЖОО-ның оқытушыларымен кездесулер ұйымдастыру, ғылыми жобалар туралы сұхбаттар өткізу;
- «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру аясында оқырмандармен кездесу ұйымдастыру және оқылған әдебиеттерді талқылау;
- «Отбасылық дәстүрлер» тақырыбында ата-аналар жиналысын өткізу, «Педагог – бала – ата-ана» бірлесуімен отбасылық дәстүрлер туралы әңгіме жүргізу;
- Қожа Ахмет Яссауидің 930 жылдығына орай, «Қожа Ахмет Яссауи мұраларын оқу» тақырыбында оқушылар арасында эссе мен жобалық жұмыстар жазу;
- Оқушылар арасында «Өнегелі өмір» тақырыбында эссе жазудан байқау өткізу, балалардың үздік жұмыстарын атап өту;
- Оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірлесіп, «Денсаулық сақтаудың 6 шарты – таза ауа, дұрыс тамақтану, қозғалыс, тыныш ұйқы, жақсы көңіл-күй, күйзеліске түспеу» тақырыбында саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізу;
- «Әкеге ізет, анаға құрмет» тақырыбында «Жас ақындар айтысы» байқауын ұйымдастыру, жеңімпаздарын марапаттау енгізілді.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі.