Ол 10 жылға сотталуы мүмкін
Алаяқтық жасады деп айыпталған күдікті Швециядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
2019 жылғы тамызда Алматыда өздерін ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған бір топ адам кәсіпкердің ісіне тексеру жүргізіп, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деген желеумен 30 мың долларды (14 млн 383 мың 260 теңге, 1 доллар – 479,44 теңге) жымқырмақ болған.
Олардың әрекетінің жолын кесу кезінде біреуі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып үлгерген. Оған халықаралық іздеу жарияланды.
Қазақстан тарапының өтініші бойынша күдіктіні Швеция корольдігінің құқық қорғау органдары Стокгольм қаласында ұстады. Бас прокуратура мен ІІМ Интерпол қызметкерлері, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен күдікті Қазақстанға жеткізілді, - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Күдіктің кінәсі сотта дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.