Сара Назарбаева ашқан институттың да атауы өзгертіліп жатыр
Ол бұған дейін «Өзін-өзі тану» пәні бойынша «мұғалімдердің біліктілігін арттыра алатын» мекеме ретінде жарияланған
Республикалық ономастикалық комиссия экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бәйбішесі Сара Назарбаева негізін қалаған «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының» атауын өзгертуге рұқсат берді.
«Келесі мемлекеттік нысандардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың ұсыныстары бойынша атауларын өзгерту туралы оң қорытынды берілсін: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынуы бойынша (...) «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» ендігі жерде «Өркен» балалар салауаттылығы ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты» болып өзгертілсін» делінген Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысында.
Сонымен қатар, комиссия басқа да біраз атауды өзгертуге рұқсат берді.
Олар:
- Рудный индустриалды институтын Рудный индустриалды университетіне;
- Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас Ұлан» мектебін Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжге;
- Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас Ұлан» мектебін Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжге;
- Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебін Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжге;
- Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оқу орталығын Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығына;
- Электр энергиясы нарығының қазақстандық операторы Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы атауына көшті.
Еске сала кетсек, «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» бұған дейін «Өзін-өзі тану» пәні бойынша «мұғалімдердің біліктілігін арттыра алатын» мекеме ретінде жарияланған болатын. Оның да авторы – Сара Назарбаева.
Ал «Адамгершілік-рухани құндылықтарды жаңғырту жобасы» ретінде белгіленген пән бұған дейін Қазақстан мектептері үшін міндетті пәндер тізімінен шығарылған болатын.