Астаналықтар Қарасу өзенінің бойына 40 мың көшет отырғызды

Еркеғали Болатұлы

Бүгін сенбілікке 270 мыңнан астам адам қатысты

фото: дереккөз

Республика күні мерекесі аясында Қазақстанның барлық өңірінде «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» атты экологиялық акция өтті, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл күні барлық өңірдің азаматтары еліміздің экологиясын жақсартуға үлес қосу үшін жалпыға бірдей республикалық сенбілікке шықты. Мұндай іс-шаралар – азаматтық белсенділіктің, бірліктің және қоршаған ортаны жақсартуға деген жалпы ұмтылыстың жарқын көрсеткіші.

Бүгін сенбілікке 270 мыңнан астам адам қатысты. Елордада Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің эколог-студенттері белсенділік танытты.

Акция барысында республика бойынша 40 мыңнан астам қалдық жиналған. Жиналған қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге 1200 тонна шыны, 3 150 тонна пластик, 420 тонна резеңке, 1 300 тонна қағаз және картон, 890 тонна металл тапсырылды.

Астанада Қарасу өзенінің бойында 40 мың ағаш көшеті отырғызылды. Оның 200-ін ведомство қызметкерлері реттеді. Сондай-ақ алдағы мерекеге орай іс-шара өтетін жерде министр аумақтық экология департаменттеріне 11 автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.