«7-20-25»: Қаржы нарығын реттеу агенттігі жемқорлық дауына жауап бермейді
Мәселеге бағдарлама операторы жауапты
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» бағдарламасы төңірегіндегі жемқорлық дауына агенттік жауап бермейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістегі Парламеттік тыңдаудан соң журналист «Бұған дейін депутат қазақстандықтар «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін пара беріп жатқанын айтқан еді. Оның көлемі – 1,4 млн теңге. Ұлттық банк мұндай деректі сіздер (агенттік) тексересіздер деді. Мәселені қалай шешесіздер?» деп төрағаға сұрақ қойды.
Мәдина Әбілқасымова сауалға қысқа жауап берді.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша бақылау жүргізу Ұлттық банктің міндетіне кіреді. Сондықтан оған біздің қатысымыз жоқ, - деді ол.
Еске салайық, Мәжіліс депутаты «7-20-25» бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналды деп мәлімдеме жасаған еді. Бұл мәселеге Үкімет басшысының орынбасары да пікір білдірген.
Сондай-ақ Ұлттық банк аталған бағдарлама төңірегіндегі жемқорлық дауына түсінік беріп, мәселеге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап беретінін айтқан.