Жамбыл облысында шетелдік көліктерді заңдастыруға уәде берген алаяқ ұсталды

Динара Амантай

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында тұрғындарға 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға уәде берген ер адам ұсталдды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жергілікті ПБ-ға екі жәбірленуші шағымданған. Олардың айтуынша, ер адам оларға шетелдік көліктерді есептен шығару қызметтерін ұсынған. Жәбірленушілердің көліктері Қазақстан аумағына 2023 жылы, яғни рұқсат етілген мерзімнен кейін әкелінген. Күмәнді қызметтері үшін ер адамдар 1,5 млн теңгеден астам ақша төлеген. Есептен шығару үшін алаяқ олардан көлікті тіркеу туралы куәлікті сұраған және дайын құжаттар 2 аптадан кейін келеді деп уәде берген.

Нәтижесінде қолма-қол ақша алғаннан кейін, ол уәде етілген жұмысын әртүрлі сылтаулармен кейінге қалдырып және заңдастыру қызметінің аяқталуына қарамастан, машиналарды рәсімдейтініне сендірген.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері өңірдің бұрын сотты болған 33 жастағы жұмыссыз тұрғынын анықтап, ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетсек, шетелдік автокөліктерді заңдастыру Қазақстан Республикасында 2023 жылдың қаңтарында басталып, өтінімдерді қабылдау 1 шілдеде аяқталған болатын.