Ордабасыда 2 ауыл ауыз сумен қамтылды
Алдағы уақытта ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстары да аяқталады
Республика күніне орай Ордабасы ауданы, Қараспан ауылдық округіне қарасты Бейсен, Мақташы ауылдарындағы ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындарға таза, сапалы су берілді.
Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, қараспандықтарды алда келе жатқан айтулы мерекемен құттықтады.
Ұзақ жылдар бойы құдық суын тұтынып келген ауылдастардың қуанышы құтты болсын! Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар әлі де жалғасын табады. Еліміз үшін орны бөлек Республика күні қарсаңында аулаларыңызға таза су құбыры тартылып отыр. Алдағы уақытта ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарын да жеделдетіп аяқтаймыз, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Бейсен, Мақташы ауылдарына ауыз су жүргізу жұмыстарын мердігер «Жылуэнерго ремонт» ЖШС 2021 жылы бастап, биыл пайдалануға беріп отыр. Нәтижесінде жеке-жеке Бейсен ауылындағы 400-ге тарта, Мақташыдағы 982 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды.