Мәжілісте несие мен қаржылық сауат тақырыбында парламенттік тыңдау өтіп жатыр
Қазақстанда кредит алып, қарызға белшесінен батқан 12 адам өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, азаматтардың шектен тыс несие алуының соңы қайғылы жағдайға әкеліп соққан.
«Әрине, адам несие рәсімдеген кезде оны қайтару мүмкіндігін де ескеру керек. Бірақ қаржылық сауаттылықтың төмендегінінен бұған мән бермейміз. Кредит алып, қарызға белшесінен бату салдарынан және оны төлей алмағандықтан қарыз алушылардың суицидке, қылмысқа баратын деректері кездеседі.
Биыл несиесін қайтара алмаған 12 қазақстандық қол жұмсап, қайтыс болды. Олар – Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, БҚО, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары. Қыркүйектің аяғында тағы бір осындай факт БАҚ-та жарияланды», - деді Игорь Лепеха.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, Қазақстанда 8,4 млннан аса адамның банк алдында қарызы бар. Соңғы 1,5 жылда бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Шамамен 1,7 млн адам қарызын уақытылы төлей алмай жүр.