×

4% автокредит: бір күнде қанша өтініш түскені хабарланды

Кешеден бері екі банк өтініш қабылдауды бастады

 Ербол Тұрымбет 17.05.2022 | 12:17
фото: Halyq Uni

Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбековтың айтуынша, биыл төрт ай ішінде отандық өндірушілер ай сайын орта есеппен 7 мың көлік шығарып отырған. Бірақ ол көлік жетіспей қалады дегенді білдірмейді. Автосалондарда қазір көлік бар. Тек түрлі комплектация, түсі, модельдеріне байланысты халыққа жетпей қалуы мүмкін.

Өндірушілердің айтуынша, жыл соңына дейін 109 мың көлік шығарылады. Ал жыл сайын өндіріс 20% өсіп отырады. Енді маусым айынан бастап орта есеппен 9 мыңдай көлік шығармақ. Яғни, өсім болады, дейді ол.

Оның айтуынша, кешелі бері екі банк: «БЦК» мен «Еуразиялық банк» өтініш қабылдауды бастады. Банктерге шамамен 2200-ден астам өтініш түсіп, қазір олар өндіріске алынды. Бірақ оның бәрі көлік сатып алады деген сөз емес. Банктер олардың төлем қабілетін тексереді. Қалған банктерде корпоративтік процедуралар аяқталып жатыр. Жақын уақытта олар да бағдарлама бойынша кредит беруге кіріседі.

«Өндірушілер қазірдің өзінде шамамен 6 мың көлікті сатылымға шығарды. Оның бір бөлігіне өтініш қабылданды. Енді көліктің бәрі несиеге берілмеуі мүмкін. Олар басқа жолдармен де сатылуы мүмкін. Дегенмен, бүгін таңғы мәліметке қарасақ, сатылымда көлік бар. Бірақ бүкіл модель мен бүкіл комплектацияның бәрі бірдей бар дей алмаймын», - дейді Олжас Сапарбеков.

Сапарбековтің сөзінше, сұраныс көлеміне қатысты талдау жүргізілмеген. Дегенмен, былтыр 118 мың көлік сатылса, соның шамамен 70%-ы отандық өнім болған.

Жеңілдетілген автокредит алу шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі: 4 пайыз
  • несие сомасы: 10 миллион теңгеден аспайды
  • қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан аспайды
  • бастапқы жарна: 0 пайыздан бастап
  • көлік құны: 15 миллион теңгеден аспайды.

Сондай-ақ қарыз алушы екі жылдың ішінде бір реттен артық автокредит ала алмайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға автокредит алуға басымдық беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама