Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысының дәрігерлері қызылшаның жаппай таралуына қатысты дабыл қақты

Бізде соңғы жағдайда ауру оңтүстік өңірлерден келіп жатыр, – дейді департамент басшысы

 Еркеғали Болатұлы 20.10.2023 | 10:30
Ақмола облысының дәрігерлері қызылшаның жаппай таралуына қатысты дабыл қақты
фото: elements.envato.com

Ақмола облысында қызылшаға қарсы қосымша екпе салу жоспарланып отыр. Санитарлық дәрігерлер соңғы екі аптада өршіп кеткен жағдайға алаңдаулы. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Өңірде қазірдің өзінде 60-қа жуық адам қызылша жұқтырып алған. Дәрігерлер кей тұрғындардың тұтас отбасымен ауырып жатқанын айтады. Вакцина алмағандардың қызылшаны жұқтыру мүмкіндігі – 100%. Соңғы екі аптада бірден 14 жағдай расталды.

Сарапшылар қызылшаның таралуына көші-қонның қатты әсер ететінін атап өтті. Жыл басында ауру шетелден әкелінген. Астанаға Шымкенттен бір үйдің 4 баласы келіп, енді бәрі отбасымен ауырып жатқан көрінеді.

Мамандар тұрғындардың көпшілігі діни себептермен вакцинадан бас тартатынын, ал басқалары вакцинаға сенбейтінін айтты. Ал вакцинадан бөлек, ауруға қарсы тұрудың басқа әдісі әзірге жоқ. Қауіптісі – асқынған кезде ол өлімге әкеледі.

Қазір қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізу мәселесі қаралып жатыр. Себебі қазір республика бойынша жағдай қолайсыз. Біз эпидемиологиялық зерттеу жүргізген кезде импорттық жағдайлармен байланыс бар. Бүгінде адамдардың көші-қоны еркін және карантиндік шектеулер жоқ. Сондықтан бізде соңғы жағдайда ауру оңтүстік өңірлерден келіп жатыр, – деді Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама