Қазақстанда 8,4 млн адамның басында кредиті бар
Бүгінде Қазақстанда 1,7 млн қазақстандық несиесін төлей алмай жүр. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, басында кредиті бар қазақстандықтардың саны өте көп. Бұл маңызды мәселеге айналған.
«Қазір халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 млннан аса адамның банк алдында қарызы бар. Соңғы 1,5 жылда бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. 1,7 млн адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді», - деді Ерлан Қошанов Мәжілісте өтіп жатқап парламенттік тыңдауда.
Ерлан Қошанов бұл проблемаға банктер де «үлесін» қосып отырғанын жеткізді.
Мұның себебі неде? Менің ойымша, қаржы ұйымдары да тиісті рөлін атқарып отыр. Мұнда қаржы институттарының тартымды жарнамасы бар. Мәселе – несие алу процедурасының жеңіл болуы мен қолжетімділігі.
Бүгінде 14-16 жастағы жасөспірімдер де онлайн несие ала алады. Ол үшін тек смартфон мен интернет болса жеткілікті. Бұл жаста қаржылық жауапкершілік болуы мүмкін бе? Салдарынан олар үшін бұл несиені ата-анасы мен ата-әжесі төлейді, - деді ол.
Мәжіліс спикерінің пікірінше, кейбір жағдайда қазақстандықтар аса қажет емес зат үшін де несие алады.
«Адамдар ойланбастан несие ала бастады. Кейде мүлдем қажет емес дүниелер үшін. Екі немесе одан да көп несиенің болуы әдеттегі тәжірибе болды. Содан кейін адамдар бұрынғы кредитін жабу үшін тағы несие алу мақсатында банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Мұндай мысалдар көп. Содан кейін сұрақ туындайды. Бұрынғы кредиті әлі жабылмағанын білетін банктер не үшін тағы несие береді?», - деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов азаматтарға банктен кредит алғанда келісімшартты дұрыстап оқу керектігін ескертті. Себебі оның зардабы ауыр болады.
Тәжірибе көрсеткендей, адамдар банк келісімшартының талаптарын түсінбейді. Осы асығыс әрекеттердің барлығы кейін ажырасуға, алкоголизмге, суицидке, лудоманияға әкеледі. Қаржылық тұзақтан құтылғысы келетін адамдар «тез ақша табу» жолында қаржы пирамидалары мен мен алаяқтықтың құрбанына айналады, - деп сөзін түйіндеді Мәжіліс төрағасы.