×

Елімізде 120 млн көшет өспей қалуы мүмкін – Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Салаға бөлінген қаржының тиімді игерілуін тексеру керек

 Дәурен Ерболат 19.10.2023 | 15:38
Фото: otyrar.kz

Қазақстанда көгалдандыру қарқыны төмен. Бүгінде 120 млн көшет өспей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл туралы Сенат депутаты Нұрлан Бекенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа жолданды.

Бұған дейін президент 2025 жылға дейін Қазақстанда 2 млрд ағаш отырғызу керек деп тапсырма берген болатын. Жоспарға сәйкес, 2021 жылы 138 млн дана, 2022 жылы 280 млн дана ағаш отырғызылған.

Биыл 409 млн көшет отырғызу жоспарланған. Алайда оның 120 миллионы тамыр жая алмайды. Бұл – бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау. Бюджет шығынын азайту керек. Өсімдіктердің тіршілігіне бақылау және талдау жүргізілмейді. Оларды бақылау, күту және суарудың заманауи жүйесі орнатылмаған. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапкершілік қайда? - деді Нұрлан Бекенов.

Оның айтуынша, бүгінде ағаштарды кесу, қасақана от қою, өртеу, орманда заңсыз құрылыстар салу сынды мәселелер бар. Осыған байланысты ормандар мен курортты аймақтарда салынған барлық ғимарат пен құрылысты тексеру керек.

Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігерлік ұйымдарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл шарт қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы белгімен бірге жазылуы керек, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама