Тергеуден 7 жылдан астам уақыт жасырынған қазақстандық Ресейде ұсталды
Ол есірткі қылмысымен айналысқан
Жедел уәкілдер Ресей Федерациясының Сургут қаласында тергеуден 7 жылдан астам уақыт жасырынған 47 жастағы ер адамның тұрған жерін анықтап, ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ер адам өткізу мақсатынсыз есірткі заттарын заңсыз пайдалану фактісі бойынша қылмысқа қатысқан.
Жалпы, жедел уәкілдер 5 қылмыскерді ұстағанын хабарлады. Бұл операциялар 16-20 қазан аралығында өткізіліп атқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде өткізілді.
Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу мақсатында полиция 1 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесті. Оның 218-і – көші-қон заңнамасын бұзу, 173-і – спирттік ішімдіктер ішу, 242-сі – ЖЖЕ бұзушылық, 16-сы – мас жүргізуші және 46-сы – ұсақ бұзақылық, – деп мәлімдеді Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі.
Мысалы Павлодар – Астана автожолында, Шідерті кентінің жанында сағат 00:50 шамасында полиция қызметкерлері Екібастұз қаласының 37 жастағы тұрғынының Audi-80 автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушінің жағдайы тәртіп сақшыларының күдігін туғызып, оны медициналық куәландыруға жіберді. Қорытындыға сәйкес, жүргізуші есірткіден мас болған.
Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жіберілді. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Қасақана ереже бұзушыға 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қаупі төніп тұр.