Заманауи бизнес: саяжайға Жайықтан қайықпен өткізу – 600 теңге
Көбіне бір үйден бірнеше адам барады
Оралда мыңға жуық адам саяжайға жете алмай қиналып жүр. Су көлігі арқылы тасымалдау тоқтатылыпты. Әкімдіктен ақша бөлінбей, мердігер қызмет көрсетуден бас тартқан. Тұрғындар адам басына 600 теңге төлеп, қайықпен қатынауға мәжбүр.
КТК телеарнасының хабарлауынша, судың арғы бетіндегі мыңға жуық адамның жер теліміне биыл дән сеппек түгіл, жетудің өзі мұң. Тұрғындар бұрын аптасына бір мәрте қатынайтын тегін қайықтың биыл мүлде тоқтатылғанын айтады. Оларды өзен арқылы тасымалдау сәуір айында басталуы тиіс болған. Алайда мамырдың ортасына келсе де, бұл іс қолға алынбай отыр. Есесіне кей пысықайлар жеке қайықпен арғы бетке өткізуді қолға алыпты. Бірақ құны тым қымбат.
Ары-бері қайықпен барып-келгеніміз үшін 600 теңге төлеймін. Оған автобустың ақшасын қосыңыз. Жол да нашар. Жалпы саяжайға көбіне бір үйден бірнеше адам барады. Енді есептей беріңіз. Кейін біз өнімдерді базарға шығарамыз. Мына шығынды өтеу үшін бағасын өсіруге мәжбүр боламыз. Биліктегілер осыны ескерсін, - дейді Людмила Лачугина есімді тұрғын.
Қалада жыл сайын адамдарды қайықпен тасымалдау үшін тендер ойнатылады екен. Мердігер мемлекеттен сол үшін субсидия алатын. Ал өткен жылы жеңімпаз болған кәсіпкер шығынға батса керек. Өйткені үкіметтен берілетін көмекқаржы дер уағында қолға тимеген.
«Бүгін осы тендер бойынша конкурс өтуі тиіс еді. Алайда қатысушылар болмауынан кейінге шегерілді. Мәселе мынада. Қатасыуға ниетті компаниялар көп. Олар талапқа сай келмей жатыр. Ал «Орал Флот Сервиске» келсек, ол фирманың да су көлігі істен шығып тұр. Жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қыруар ақша керек», - дейді Орал қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Ахошиев.