Жамбыл облысында қыз алып қашқан 2 адам сотталды
Қыздың көршілері оның көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне хабарлаған
Жамбыл облысында қыз алып қашқан 2 адам сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тараз қаласының №2 сотының мәліметінше, 2022 жылдың көктемінде сотталушының бірі ортақ таныстары арқылы бір қызбен танысқан. Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Алайда осыған қарамастан, ер адам оған үйлену үшін алып қашуға шешім қабылдаған.
2023 жылдың ақпанында сотталушы досымен бірге Таразға барып, қызды алдап, көлікке күштеп отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Қыздың көршілері оның көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне хабарлаған.
Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады.
2023 жылы 21 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.