Алматыда 800 адамға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылады

Халық үні

Олар Медеу, Түрксіб және Алатау ауданында орналасқан

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда жыл соңына дейін күніне 800-ден астам адамға қызмет көрсететін 3 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.

Олар қалада балалар мен жастарды қолжетімді спорт секцияларымен қамтамасыз ету, халықты салауатты өмір салтына тарту, ұлт денсаулығын сақтау және арттыру үшін салынып жатыр. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені Медеу ауданының «Алатау», Түрксіб ауданының «Жас Қанат», Алатау ауданының «Зерделі» шағын аудандарында орналасқан.

Алматы қаласының құрылыс басқармасының хабарлауынша, құрылыс 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.

Биыл қарашада Алатау және Медеу аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі. Түрксіб ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл соңына дейін тапсырылады, - делінген ақпаратта.

Әрбір дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауданның спорт секцияларындағы базалық қажеттілікті ескере отырып салынған.

Алатау шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені 1,42 га жерде салынған, ғимараттың жалпы ауданы 7 930 ш.м., жалпы ауысымда шамамен 150 адамды қабылдай алады. Екі ауысымдық жұмыс кезінде күніне 300-ге жуық бала қатыса алады.

Аумақтық мүмкіндікті ескере отырып, кешенде спорт залы, 25 метрлік бассейн, балалар бассейні, дене шынықтыру-сауықтыру кешені аумағындағы теннис корты, тренажер залы, күш жаттығулары залы қарастырылған.

«Жас Қанат» шағы ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бір ауысымда шамамен 150 адам, екі ауысымда күніне 300-ге жуық баланы қабылдай алады. Кешен учаскесінің жалпы ауданы – 1,36 га, ғимараттардың жалпы ауданы – 7 394 ш. м.

Спорт кешені жалпы спорт залынан, 25 метрлік бассейннен, балалар бассейнінен, тренажер залынан, күш жаттығулары залынан тұрады.

«Зерделі» шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені бір ауысымда 98 адамға есептелген, күніне 196 бала қабылдай алады. Спорт кешенінің ауданы 1,59 га, ғимараттың ауданы – 3 220 ш. м.

Үш кешен базасында спортпен шұғылдану бойынша барлығы 122 топ ашылады. Негізгі бағыттар жекпе-жек, спорттық ойындар, су және басқа да спорт түрлері болады.

Осылайша, Алматыда күніне 800-ден астам бала мен жасөспірім өте қолайлы жағдайда спортпен шұғылдана алады.