Halyq Uni логотип
×

Шымкентте есірткі зертханасы жойылды

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 17.10.2023 | 12:53
Шымкентте есірткі зертханасы жойылды
Фото: polisia.kz

Шымкентте есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында арнайы іс-шараларды өткізу кезінде қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жергілікті 23 жастағы тұрғынның басқаруындағы Toyota Саmrу автокөлігін ұстаған.

Тексеру барысында көліктің салонынан жалпы салмағы 150 граммнан асатын есірткі табылып, тәркіленді. Ұсталған адамның пәтерін тексеру кезінде жедел уәкілдер электронды таразыларды, синтетикалық есірткі жасауға арналған психотроптық және өсімдік заттары салынған пакеттерді, химиялық заттармен жұмыс істеуге арналған респиратор маскасын, есірткі құралдарын араластыруға арналған контейнерлерді және қысымға арналған жабдықты тапты. Сонымен қатар есірткіні орауға қажетті полиэтиленді пакеттер, изоленталар, ылғал өткізбейтін құрылғылар мен магниттер табылды, – делінген хабарламада.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заттарының салмағы – шамамен 800 грамм, бұл аса ірі мөлшерге жатады. Белгілі болғандай, күдікті тамызда интернет арқылы есірткіні ораушы және өндіруші болып жұмысқа орналасқан. Содан кейін ол элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде пәтер жалдап, сол жерде мессенджер арқылы алынған нұсқауларды орындай отырып, сату мақсатында күшті есірткілік әсері бар «спайс» қоспасын дайындаған.

Қазір ер адам тергеу изоляторында қамауда. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама