Ішкі істер министрінің орынбасары қазақша үйреніп жүргенін айтты
Игорь Лепеха мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарды әлі толық түсінбейтінін айтты
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қазақша үйреніп жүргенін, мемлекеттік тілде баяндама жасай алатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің бірі Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехаға «Өткен аптада мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерге қатысты көптеген сын айтылды. Осыған байланысты сіз жұмыс істеп жатырсыз ба? Мысалы, сіз басқа министрлер сияқты (мемлекеттік тілді үйрететін) репетиторлардың көмегіне жүгіндіңіз бе?» деп сұрақ қойды.
Министр орынбасары мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін, бірақ ойын әлі қазақша дұрыс жеткізе алмайтынын мойындады.
Мен қазақша үйреніп жүрмін. Қазір аздап сөйлеймін. Қызметтік құжаттарды оқи аламын. Баяндама (мемлекеттік тілде) жасай аламын, - деді вице-министр журналистің сұрағына қазақ тілінде жауап беріп.
Ары қарай Игорь Лепеха жауабын орыс тілінде толықтырды.
«Негізі (мемлекеттік тілінде) жауап бере аламын. Қазір кейбір даулы мәселелер бойынша қате жауап беруден қорқамын. Себебі, толық түсінбеуім мүмкін немесе қате жауап беруім мүмкін. Бірақ мен (мемлекеттік тілді) өзім үйреніп жүрмін. Барлық жиында, кеңесте барынша қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын», - деді Игорь Лепеха.