Есепте тұрған 8 мың адам жауапқа тартылған
Бүгінде отбасының берекесін қашырған 13 мың қазақстандық қамауға алынған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Соңғы 3 айда (шілде, тамыз, қыркүйек) отбасында жанжал шығарып, жазаға тартылғандардың саны 4 есе өскен.
Биыл екінші тоқсанда осындай 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адам болды. Тиісінше қамауға алынғандар саны 2 есе өсті.
Жалпы қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және оларды жасағаны үшін жазаның бұлтартпаушылық процесі қалыптасып жатыр, - деді Игорь Лепеха.
Вице-министрдің айтуынша, алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша тұрмыстық қылмыстардың өсуі байқалса, қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл 9 айда олардың төмендеу үрдісі байқалған.
Бұл ретте кісі өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру саны азайған. Министрлік алдын алу жұмыстарын жандандырған. Тұрмыстық жаңжал шығарушыларға қатысты 51 мың әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімі бойынша 13 мыңнан аса адам қамауға алынған, 11 мың адамға ерекше талаптар белгіленді.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылды, - деді вице-министр.
Игорь Лепеха аталған адамдардың бәрі есепке қойылғанын, полиция оларды жіті бақылап отырғанын жеткізді. Айтуынша, есепте тұрған 8 мың адам жауапқа тартылған.
Вице-министр тұрмыстық қылмысқа баратындардың көпшілігі (шамамен 80%) мас күйде болатынын айтты.
«Мас күйінде тұрмыстық жаңжал шығарушыларды оқшаулау мәселесі маңызды. Еліміз бойынша 880 төсек-орын бар, 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Олардың барлығы облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан. Бұл проблема моноқалаларда өте өзекті – орталық мүлдем жоқ», - деп сөзін түйіндеді Игорь Лепеха.