Жұмыспен қамтылған азаматтардың 45%-ын жастар қамтиды
Ұлттық жоба аясында 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың баяндауынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жыл басынан бері барлық облыс әкімдері ұлттық жобалар, «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары, жұмыс берушілер ұсынатын бос орындар және жұмыс күшінің ұтқырлығы бағдарламалары шеңберінде жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар бекіткен.
Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша және т.б. жұмыспен қамтылған азаматтардың 45%-ын жастар қамтиды. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі 2 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды, – деді Светлана Жақыпова.
Оның айтуынша, еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындары арқылы 228 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың 62%-ы ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Тұрақты жұмысқа жіберілген азаматтардың 46%-ы – жастар. Президенттің әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі бастамасы аясында 278 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды.