Мешіт беретін неке куәлігі ресми құжат емес, естелік қана – Нұрлан Имам

Халық үні

Дінімізде некелесу – міндетті амал

фото: inform.kz

Ислам құндылықтарын TikTok арқылы насихаттап, көпшілікке танылған діндар, Астана қаласындағы Ырыскелді мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов некені мешіт пен АХАЖ-да қиғызудың айырмашылықтары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Дінімізде некелесу – міндетті амал. Отбасын құрып, ұрпақ тарату маңызды істердің ішіндегі ең ұлысы. «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын» деген, - дейді ол.

Имамның пайымынша, неке Қазақстан заңнамасына сай тіркелу үшін АХАЖ-ға барып тіркелу дұрыс. Ал мешітте неке қиғызу бұл рәсімнің баламасы бола алмайды. Өйткені еліміз Конституция бойынша зайырлылық бағытын, заң үстемдігін ұстанады.

«Елімізде мешіттерде жүргізілетін діни неке қию рәсімі діни жоралғылардың санатына жатады. Қиылған некені куәландыратын неке куәлігі некелесушілерге тек естелік ретінде ғана беріледі. Ол куәлік Қазақстан Республикасы, АХАЖ бөлімімен берілетін неке құжатына тең келетін дәрежедегі заңды күшке ие емес. Осыған орай, еліміздегі барлық мешіттердегі неке қию рәсімі тек қана АХАЖ бөлімінің тіркеуінен кейін жүргізіледі. Себебі, некелесудің арғы жағында үлкен жауапкершілік, зор талап, өмірлік ұрпақ тұрады», - дейді Нұрлан қажы Асанов.