Қазақстан шетелдік мамандарды тартып, су саласын цифрландырмақ

Дәурен Ерболат

Екі тарап тығыз байланыс орнатуға ниетті

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдерімен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Қос тарап су секторын цифрландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты және басқа да маңызды мәселелерді талқылады.

БҰҰДБ-ның еліміздегі тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ұйым Қазақстанның су саласын жаңғырту және су ресурстарын басқару жөніндегі бастамаларын стратегиялық деңгейде қолдауға дайын екенін айтты. Ұйым Қазақстанда су секторы үшін флагмандық IT-өнім жасауға және оны ілгерілетуге көмектесуге ниетті.

Сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасы отандық әзірлеушілер мен инженерлерге кеңес беру үшін Түркиядағы аймақтық кеңседен техникалық мамандарды тартуға дайын.

Нұржан Нұржігітов БҰҰДБ өкілдеріне жаңа Су кодексін әзірлеуге, сондай-ақ Қазақстан мен көрші мемлекеттер арасында су ресурстары бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға қатысуды ұсынды.

Сонымен қатар министр жоғарыда аталған барлық мәселенің егжей-тегжейлі талқыланатынын айтты.

Бұл кездесу тығыз және белсенді қарым-қатынасымызға серпін береді деп үміттенемін. Бұл ынтымақтастық су секторындағы проблемаларды шешуге көмектеседі деп сенемін. Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасымен және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жұмыс істеуге әрқашан ашық, - деді Су ресурстары және ирригация министрі.