Halyq Uni логотип
×

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын сенім телефоны іске қосылды

Ол тәулік бойы жұмыс істейді

 Дәурен Ерболат 16.10.2023 | 09:01
Әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын сенім телефоны іске қосылды
Фото: Halyq Uni

Бүгіннен бастап әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын сенім телефоны іске қосылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен өткен кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылық және балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелері талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін алға қойған болатын.

Тапсырманы орындау тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына (бұрын AMANAT партиясы жанында жұмыс істеген) тәулік бойы хабарласа алады. Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін, - деп жазылған хабарламада.

Вице-премьердің айтуынша, байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктелген. Жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарынының алдын алып, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды. Әрбір жағдай бойынша операторлар «дәл осы сәтте» қағидатын басшылыққа ала отырып, жекелеген мәселе бойынша кешенді көмек көрсетеді.

Барлық қажет мемлекеттік орган мен қызметті міндетті кері байланыс тәсілін қолданып, бір мезгілде қосу көзделген.

Аталған шаралар әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы уақтылы көмек көрсетудің тиімді құралына айналады, сондай-ақ өңірлер бойынша аса өткір проблемаларға мониторинг жасау үшін дереккөзі болмақ, - деді Тамара Дүйсенова. 

Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және тағы басқа нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл қазақстандықтарға құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама