Олар көпшілікті жігіттің жазым болған сәтін желіге таратпауға шақырды
Ұжымдағы мобилографтың қайтыс болуына байланысты «Ирина Қайратовна» тобының Астанадағы кейінге шегерілген концерті де өтпейтін болды.
Әртістері мобилограф Шахназ Жылқайдаровтың құрметіне Еуропаға тур жасамақ. 21 жастағы мобилограф кеше концерт басталардан бірнеше минут бұрын сахнада құлап, қайтыс болған еді.
Қайғылы оқиғадан кейін концерт болмай қалды. Осылайша, келесі концерт бүгін өтуі керек болған. Енді өнер ұжымы ол шараның да өтпейтінін хабарлап отыр.
Құрметті достар, «Ирина Қайратовна» тобының жанкүйерлері! Астана қаласындағы концертте мобилограф, 21 жастағы Шахназ Жылқайдаровтың кенеттен өмірден озғанын қайғыра хабарлаймыз. Осыған байланысты Астанада 2023 жылдың 14-15 қазанына жоспарланған концерттер өтпейді. Шахназдың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақпыз. ИК командасы шын жүректен Шахназдың отбасына көңіл айтады және барынша қолдау, көмек көрсетеді. Біздің тарапымыздан болған қолайсыздық үшін жанкүйерлерімізден кешірім сұраймыз. Алдағы Еуропаға турымызды Шахназдың құрметіне өткізгелі отырмыз, - деп жазылған топтың Instagram-дағы парақшасында.
Өнерпаз жігіттер марқұмның өліміне не себеп болғанын нақты білмейтінін айтып, көпшілікті жігіттің жазым болған сәтін желіге таратпауға шақырды.
Айта кетсек, кеше түнде Астанада «Ирина Кайратовна» тобының концертінде мобилографтың кенеттен қайтыс болғаны хабарланған еді.