Шымкентте психо-диспансерге жатқызылған сарбаздың туыстары министрлікке арызданды
Әскер қатарына шақырылған сарбаз арада 5 күн өтпей жатып өзіне қол жұмсамақ болған
19 жастағы Рыскелді Қадыр Шымкенттегі «Сәуле» шағын ауданындағы әскери бөлімге 23 сәуірде барған. Бірақ арада 5 күн өтпей жатып жігіттің анасына «ұлы өз-өзіне қол салмақ болды» деген хабар жеткен. Осыдан кейін сарбаз психоневрологиялық диспансерге жатқызылды. Алайда, сарбаздың анасы Гүлнұр Қозбағарова айтылған сөздердің ешбіріне сенбейтінін айтты. Және ұлының орталыққа жатқызылуына келіспейтінін айтып арызданған.
«Ұлым Тұртанов деген біреудің қоқан-лоқы көрсеткенін айтып айғайлады. Бес офицер бір бөлмеге кіргізіп, шешіндіріп, «өлсем, ешкімнің қатысы жоқ» деп жаздырып алған. Есікті сыртынан құлыптап, аман шықпайтынын білген балам қорыққанынан жазып берген», - деген еді сарбаздың анасы.
Қадыр Рыскелдінің туыстары араға 10 күн салып психоневрологиялық диспансерге жатқызылған жігіт қайтадан әскери бөлімге жіберілгенін айтты.
«Министрлікке арыз жаздық, енді жауап күтіп отырмыз. Қазір баланың жағдайы жақсы, дені сау, дипансерден шығарып алдық. Шымкент гарнизонының әскери полициясы сарбаздың өзінен, бізден түсініктеме алды. Кінәлілер жазаланады деп отырмыз. Бұл тек бір сарбаздың басына түскен мәселе емес, шындық әшкере болса әскерде мұндай жағдай азайып, басқа ата-аналар ұлын борышын өтеуге сеніммен жіберетін болады», - дейді сарбаздың әпкесі Гүлназ Қадыр.