Елімізде аурудың шамамен 30 мың жаңа дерегі тіркеледі
Қазақстанда әйелдерге қарағанда ер адамдар қатерлі ісіктен жиі қайтыс болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемнің әрбір бесінші тұрғыны қатерлі ісікке шалдығады. Салдарынан әрбір сегізінші ер және әрбір он бірінші әйел аурудан көз жұмады.
Бүгінде өлім бойынша қатерлі ісік жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр. Әлемде қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастардың саны тұрақты түрде өсіп жатыр. Соңғы 20 жылда Қазақстанда онкопатологиямен сырқаттанушылық деңгейі 25% артты, - деді Вячеслав Дудник ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің орынбасары жыл сайын қатерлі ісіктің 30 мыңға жуық жаңа дерегі тіркелетінін атап өтті.
Қазір онкологияға шалдыққан 217 мыңнан аса науқас бақылауда. Олардың 56%-ы – 18 бен 63 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Аурудың таралуы бойынша бірінші орында – сүт безі обыры, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында ішек обыры тұр. Жыл сайын 5 мың әйелге сүт безі қатерлі ісігінің диагнозы қойылады. Сондай-ақ жыл сайын елімізде 13 мыңнан аса адам қатерлі ісіктен қайтыс болады. Әсіресе, қатерлі ісіктен ер-азаматтар жиі өледі, - деді вице-министр.