Енді бала асырап алумен тек кәсіби отбасылар айналысады
Бүгінде елімізде 22 мыңнан аса жетім бала бар
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде Білім беру және бала құқығын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, заң жобасы 2 кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасымен ұсынылатын негізгі новеллалар төмендегідей:
- Балаларды асырап алатын кәсіби отбасы институтын енгізу;
- Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама тәртібін енгізу;
- Меншік нысанына қарамастан, білім беру ұйымдарында балалардың жекелеген санаттарының қолдау құқығын кеңейту;
- Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша онлайн оқытуды енгізу.
Бүгінде Қазақстанда 22 мыңнан аса жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Мемлекет тарапынан жүргізілген саясат нәтижесінде 12 жылда балалар үйінің тәрибеленушілер саны 4 есе, балалар үйлерінің саны 2,5 есе азайды. Қазір білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларына қарайтын 116 ұйымда 3 509 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар, - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар ол заң жобасы аясында баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізуде жаңа тәсілдер ұсынылатынын атап өтті.
Мысалы, бала табылған соң балалар үйіне емес, бірден отбасына табысталады. Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасындағы бала саны төртеуден аспауға тиіс. Асырап алушы ата-аналардың жасы 30-53 аралығында болады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан және қамқоршылық және қорғаншылық органдарда аккредиттеуден өтеді, - деді Еділ Оспан.
Сондай-ақ психологиялық дайындықты жетім балаларға арналған білім беру ұйымдары іске асырады. Аталған ұйымдар оқыту қорытындысы бойынша өз ұсынымын дайындайды.
Қорғаншылық органдар кәсіби отбасы үміткерлерінің заңнама талаптарына сәйкестігін қарайды және дайындалған қорытындыға талдау жүргізіп, нәтижесі бойынша үміткер отбасын аккредиттеуден өткізеді.
Вице-министр заң жобасында отбасыларға жіберілетін балалар санатын кеңейту ұсынылып отырғанын жеткізді.
«Енді отбасыларға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар панасыз, қараусыз қалған, арнайы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларды да орналастыруды ұсынып отырмыз.
Материалдық ынталандыру үшін әрбір жетім баланы асырап-бағуға 10 АЕК (34 500 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әрбір кәсіби тәрбиеші қызметіне 70 АЕК (241 мың 500 теңге) ақы төлеу көзделген, - деді министрдің орынбасары.
Оның пікірінше, ұсынылып отырған жаңа институт – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың және панасыз, қараусыз қалған балалардың отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.