Оқушы ескертуге дөрекі жауап қатып, мұғалімнің қолынан ұрып жіберген
Павлодар облысына қарасты Тереңкөл ауданы білім бөлімінің хабарлауынша, Береговое ауылындағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімге шағым айтылған.
Шағымда жазылғандай, 13 мамырда мұғалім Мәди Дәулетпаев оқушылардың көзінше басқа бір оқушыны ұрып және оған тұншықтыру әдісін қолданған. Соның салдарынан 8-сынып оқушысының тыныс алу реті бұзылып, тәрбие жөніндегі оқу меңгерушісі оны үйіне жеткізген.
Аудандық білім бөлімі осы оқиғаға қатысты тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді.
13 мамырда спорт ойындарын жүргізу кезінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мәди Дәулетпаев ойын ережесін сақтамағаны үшін 8-сынып оқушысына ескерту жасаған. Оқушы ескертуге дөрекі жауап қатып, мұғалімнің қолынан ұрып жіберген. Дәулетпаев оқушыны мойын тұсынан ұстап, өзіне қарай тартқан, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігі оқушымен сұхбат жүргізілгенін хабарлады. Ата-анасы мұғалімге ешқандай шағымдары жоқ екенін жеткізген. Сонда да мектептің әдеп кеңесі мұғалімнің іс-әрекетін қарап, оған қатаң сөгіс жариялапты. Сонымен қатар мектеп директоры да аудандық білім бөлімінен қатаң сөгіс алған.