Сондай-ақ ол қызметкердің үстінен алаяқтық бойынша шағым жазған
Алматыда турфирманың қызметіне қанағаттанбаған тұтынушы қызметкердің басын қайшымен жарақаттады.
Кеше бізге келген клиентке виза беруден бас тартылған соң, ол маған шабуыл жасауға көшті. Біз АҚШ пен Шенген визасын рәсімдемек болғанбыз. Екі жағдайда да виза беруден бас тартылған соң, ол барлық жұмсаған ақшасын менен өндіріп алуды шешті. Осылайша, кеңседе жанжал шығарып, қолына тиген заттарды маған лақтыра бастады, арасында қайшы да болды. Қайшы басыма кіріп кетті, – деп жазды турфирма қызметкері Instagram-дағы парақшасына.
Сондай-ақ тұтынушы қызметкердің үстінен алаяқтық бойынша шағым жазған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиға Алмалы ауданы ПБ полиция бөлімінде тіркеліп, тексеріліп жатыр.
«Әйелдің алған дене жарақатының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша шешім қабылданады», – деп мәлімдеді қалалық ПД баспасөз қызметі.