Катардағы алтын ше?.. Тимур Турловтың Азиададағы тарихи жүлде туралы мәлімдемесі дауға қалды
Шахматшы Мұртас Қажығалиевтің Ұлттық құрамаға неге алынбағаны түсініксіз
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың әлеуметтік желіге жазған сөзі дауға қалды. Ол Азия ойындарындағы Қазақстан әйелдер құрамасының жалпыкомандалық есепте қола жүлдегер атанғанын ерекше атап өтіп, бұған дейін болмаған оқиға деп жазған еді. Бұл туралы Шахмат федерациясының ресми сайтында да жазылған. Онда Ұлттық құраманың осыған дейін Азия ойындарында мүлде жүлде алмағаны айтылған. Қазақстан әйелдер құрамасы (Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Динара Сәдуақасова, Алуа Нұрманова және Жансая Әбдімәлік) тоғызыншы – қорытынды турда Өзбекстан құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, Ұлттық құрама қола жүлде иеленген еді.
Қазақстандық шахматшы, 2006 жылғы Азиада чемпионы Мұртас Қажығалиев оның алтын жүлдесі неге ұмыт қалғанын түсінбей отыр. Себебі шахмат Азиадаға алғаш рет сол жылы қосылып, Қазақстанның алғашқы жүлдесін де сол ойындарда Мұртас Қажығалиев жеңіп алған.
Белгілі шахматшыны қынжылтқан тағы бір мәселе, оның ұлттық құрамаға алынбай қалуы болып тұр. Шахмат федерациясының оған берген ресми жауабында жаттықтырушылар кеңесінің ұлттық құрама құрамы бойынша дауыс беру қорытындысы осылай болған.
Мен 1996 жылдан 2022 жылға дейін Ұлттық құрамада ойнадым, сондықтан әлі де командада екенмін деп жүргем. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында мен рейтинг тізімінде 2 орын, 1 қазанда 3 орын алдым. Ал құрамаға алынбай қалғаным үлкен тосын жаңалық болды. Оны қыркүйекте ғана білдім. Оның үстіне, әлі күнге Туризм және спорт министрлігінің спортты дамыту дирекциясынан стипендия алып отырам. Ұлттық құрама жаттықтырушылары мен ҚШФ атқарушы дирекциясы жұмысының ашық болмауы осылай шахматшылар мен басшылық арасындағы қарым-қатынасты күрделендіре түседі, - дейді ол.
Ұлттық құрамаға алынбай қалуына Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың қатысы бар-жоғы беймәлім. Дегенмен былтырдан бастап екеуара түсініспеушілік пайда болған.
Дарменді 1992 жылдан бері білем әрі әрдайым жақсы қарым-қатынаста болдық. Арадағы келіспеушілік өткен жылы ол маған ұлттық құрамадан кетуді ұсынған кезде басталды. Ал биыл олар мені командадан шеттетіп жатқанын ашық айтты, - дейді Мұртас Қажығалиев.
Оның сөзінше, басшылыққа қай кезде де команданың жас, мейлінше жасөспірімдерден құралғаны тиімді. Себебі, кез-келген сәтсіздікті олардың жастығына және құрамадағы ұрпақ алмасуына сілтей салуға болады. Ал команда ересек ойыншылардан құралса, оның сәтсіздігі жаттықтырушылар мен басшылардың мойнына түседі. Олар әлбетте, мұндайды қаламайды. «Біз ең жас командамыз, енді 2-3 жылдан кейін жеңеміз» деген сөз қай спорт шенеунігі үшін де оңтайлы жауап. Мұртас Мұратұлының пікірінше, ҚШФ-да да осылай болса, таңсық емес.
Ол енді Қазақстан ерлер құрамасының Азиададағы сәтсіздігі барынша ұмыттырылады деген сенімде. Сосын 2-3 жылдан кейін команданың жастығынан көре салады. Ол кезде Дәрмен Сәдуақасов та, федерацияның басқа басшылары да біздің шахмат басшылығында болмайды.
Мұртас Қажығалиев, ұлттық құрама мүшелерімен көптеген турнирде үнемі ойнап келеді. Айтуынша, ешқайсынан кем түспейді, оны нәтижелері де көрсетіп отыр. Тіпті, басым түсетін сәттері де бар.
Жалпы, қазіргі шамамыз қарайлас. Бірақ Федерация дайындық шараларын бәрімізге теңдей өткізбейді. Мысалы, мен турнирлерге, оқу-жаттығу жиындарына қатысайын десем қолдау жоқ. Отбасымды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Ал жас жігіттер миллиондаған долларлық грант алып, алаңсыз ойынға ғана мойын бұрып, әлемнің үздік жаттықтырушыларымен шахмат ойнап, асықпай дайындала алады, - дейді ол.
Осы мәселеге қатысты Қазақстан шахмат федерацисының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов жауап берді. Оның айтуынша, Турловтың меңзеп отырғаны нақ командалық медаль. Ал ұлттық құрамаға алынбауы жаттықтырушылар кеңесі мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімі екенін айтады.
Тек, қолдау көрсетілмеді дегенге келіспей, бірқатар дәйек келтірген.
Алдымен, елімізде өткен әлем чемпионаттарының комментаторы болуды ұсынған. Сондай-ақ, Б. Гельфанд, В. Ткачев, А. Моисеенко және басқа да «мықты жаттықтырушылардың» қатысуымен өтетін құрама жиындарына шақырған. Алайда оның бір де біріне келмегенін айтады.
Дегенмен әлі де оқу процесіне қатысып, дарынды жастармен жұмыс істеуге шақырып отырғандарын жеткізді. Жақында Алматыда осындай жиынға қатысуы жақсы тәжірибе болғанын да атап өткен.
Сонымен қатар, жақында ғана кәсіби шахматтағы саясатты анықтайтын Федерацияның жаттықтырушылар комитетінің құрамына кіру ұсынылғанын айтады. Ол құрам алдағы аптада Федерация президиумының шешімімен анықталады.
Алайда, Дәрмен Сәдуақасовтың түсініктемесінде ұлттық құрама сапында қалғысы келетін, мықты шахматшылармен тең дәрежеде ойнай алатын, әзірге жаттықтырушы болып кетуге ниеті жоқ шахматшы үшін нақты жауап берілмеген.
Айта кетейік, бүгінде жасы 50-ге таяған Мұртас өзіне қарайлас жастағылар арасында ұлттық деңгейде үнемі ойнайтын жалғыз ойыншы. Басқалары жаттықтырушылық жұмысқа көшкен немесе лайықты нәтиже көрсете алмай қалған. Оған қазір жас жағынан ең жақыны – Ринат Жұмабаев, бірақ ол 16 жас кіші. Оның өзі де команданың басқа ойыншыларынан кем дегенде 11 жас үлкен.
Сонымен бірге, Мұртас Мұратұлы 2014 жылдан бері бірде-бір ел чемпионатын жібермей, 2015, 2018 және 2020 жылдары чемпион болды, одан бөлек 2-3 орындарды көп иеленген. Тек 2022 жылы 4-ші орынға тұрақтап, соңғы турда бірінші орынға таласып жеңіліп қалған. «Бірақ, күміс жүлденің өзі мені шеттетуден құтқара алмайтынын түсіндім. Солай болды да» дейді ол.
Ол әлі де Қазақстанның бас командасынан орын алатындай мүмкіндігі барда кәсіби түрде ойнай беретінін айтады.
Әзірге қолымнан келеді. Негізі 17 жасымнан бері жаттықтырушы болып келем. Жалпы көптеген елде түрлі деңгейдегі ойыншылармен – балалардан бастап топ-шахматшыларға дейін жаттықтырушы болып істедім. Сосын оны әрдайым тәжірибемен біріктіріп, турнирлерде ойнап отырдым. Сондықтан тек елеулі нәтиже көрсетуім тоқтағанда барып түбегейлі жаттықтырушылыққа кірісем, - дейді ол.