Қазақстанның ғылыми жобаларына шетелдегі қазақ ғалымдарын тарту керек, дейді ғалым
Қазақстанның ғылым мен білімін дамытып, жаңа деңгейге шығару үшін шетелдегі қандастардың әлеуетін пайдалану керек. Астанада өтіп жатқан Отандастар форумында Nazarbaev University профессоры Нұршат Нұраже осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Нұршат Нұраже АҚШ-та туып өскен, 2019 жылы атажұртқа қоныс аударған. Бүгінде Nazarbaev University профессоры, Жаңа материалдар және күн энергетикасының жүйелер зертханасының жетекшісі. Қазір аталған зертханада 40-қа жуық жас ғалым жұмыс істейді.
Менің ұстанымым – тарихи отанда тумаса да, әрбір қазақ тарихи отанына келіп еңбек етуі керек. АҚШ-та тұрған кезімде өзімнің қазақ екенімді ешқашан естен шығармадым. Елге қызмет менің негізгі борышым деп санаймын. ...Бүгінгі форумды пайдаланып өз ұсынысымды жеткізгім келеді. Біріншіден, шетелдегі қазақ ғалымдарының басын қосатын қауымдастықты құруды ұсынамын. Сол ғалымдардың әлеуетін пайдаланып, қазақ ғылымын жаңа деңгейге шығарсақ деймін, - деді ол «Ел дамуындағы қандастың рөлі» сессиясында сөйлеген сөзінде.
Оның пікірінше, Қазақстанның ғылыми жобаларына шетелдегі қазақ ғалымдарын көптеп тарту керек.
Отандық ғылыми жобаларға шетелдегі қазақ ғалымдарын қатысуға рұқсат беруді ұсынамын. Бірақ ол жобалар міндетті ттүрде Қазақстанда жасау керек деген шартпен жасалса деген ұсынысым бар. Бұл жаңа технологияны тартуға үлкен мүмкін болар еді. Ғылым мен білімнің бәсекесі заманында Қазақстанда ғылым мен технология дамыған ел ретінде таныту біздің түпкі мақсат болуы керек деп есептеймін. Өзім осы жолда бар күш-жігерімді аямайтын боламын және шетелде жүрген болашақ ғалымдарды осы іске шақырамын, - деді ғалым Нұршат Нұраже.
Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.
Шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.
Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.