«Отандастар қоры» президенті көпшілікке форумның басты мақсаты туралы айтты
Бүгін Астана қаласында әлемнің 40 мемлекетінен келген 200-ге жуық қандастың басын қосқан Отандастар форумы өтіп жатыр. «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы форумның маңызына тоқталды.
«Отандастар қоры» соңғы 2 жылда Германия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда қандастарымызбен келелі жүздесулер өткізіп, іргелі мәселелерді талқылауға түрткі болды. Бүгінгі жиын соның атажұрттағы жалғасы деуге негіз бар. Бұл басқосудың маңызы бөлек. Әлемнің төрт тарабын мекендеп, ұлттық болмыс пен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, терең білімі мен бірегей дарынымен биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығарып жүрген қандастарымыз қандай да болсын құрметке лайық. Әлемнің түкпір-түкпірінен елге түпкілікті оралып, еңбегімен елеулі болып жүрген қандастарымыздың қатары көп. Сондай-ақ бұған дейін тарихи отанына оралған отандастарымыздың бірқатары да бүгінгі жиынға қатысып отыр. Бұл да қуантарлық жағдай. Бұны қазақ халқының кең пейіліне, байтақ елімізің қазіргі дауына тілеулестігі мен ыстық ықыласы деп білеміз», - деді Абзал Сапарбекұлы.
«Отандастар қоры» президенті көпшілікке форумның басты мақсаты туралы айтты.
Әлемнің сан тарапынан келген қандастарымызбен еліміздің түрлі сала өкілдерінің басын қосып, іргелі елдік мәселелерді талқылауына айналғалы отырған форумның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы алқалы жиынның басты мақсаты – отандастарымызға ортақ диалог алаңын ұсыну, іргелі елдік мәселені бірлесіп талқылау. Сырттағы қандастарымыздың әлеуетін ел дамуына пайдалану және тәжірибе алмасу. Бүгінгі басқосуда ордалы ойлар ортаға салынып, тың бастамалар көтерілетініне сенімдімін, - деп қосты қор басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада Отандастар форумы басталған болатын. Форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді.
Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.
Шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.
Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.