«Халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу»: Тоқаев шетелден келген қандастарға құттықтау жолдады

Айгерім Таубай

Астанада 200-ден аса қандастың басын қосқан «Отандастар» форумы өтіп жатыр

фото: Halyq Uni

Астанада «Отандастар» форумы бастарды. Ашылу салтанатында Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ардақты ағайын! Сіздерді «Отандастар» форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашан да елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда, шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор, - делінген президент құттықтауында.

Президент азаматтардың қай мемлекетте мекен еткеніне қарамастан, бір ғана тарихи отаны бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ мемлекеттің шетелде тұратын бауырлардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалғанын айтты.

Қазақстан азаматтығын және «қандас» мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі жиынға әлемнің әр түпкірінен арнайы келген қандастарымыз бен мәртебелі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Басқосуда алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікір айтылады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, ынтымақ-береке тілеймін, - делінген Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтауда.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.