Halyq Uni логотип
×

«Балаларым үшін қорқамын»: Дана Есеева президенттен қабылдауын сұрады

Вайнердің жары бірнеше рет Ішкі істер министрі қабылдауына өтініш берген

 Айнұр Шошаева 16.05.2022 | 15:04
«Балаларым үшін қорқамын»: Дана Есеева президенттен қабылдауын сұрады
фото: harpersbazaar.kz

Алматыда Mudaraban Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 күнге қамауға алынып, сәуір айының соңында оларды қамау мерзімі екі айға ұзартылды.

Бүгін танымал әзілкеш Мейіржан Төребаевтың жары Дана Есеева өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалатынын айтып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

Еске сала кетейік, вайнердің жары бұған дейін де президентке жүгініп, үндеу жасаған болатын.

Дана Есеева күйеуінің өзге де салымшылар сияқты зардап шеккенін айтты.

«Иә, ол жарнамасына түсті, бірақ оның қаржы пирамидасы екенін білген жоқ. Сол үшін жауап беруге дайын. Күні кеше ғана Бударов деген адамнан және Алматы полициясының атынан белгісіз біреу келіп, маған қарсы қылмыстық іс қозғалатынын айтты. Айтуынша, мен қаржы пирамидасының қатысушысы екенмін және күдіктілермен беттестіру өткізілген соң олар куәгерлік жауабын өзгертеді-міс. Бұл фактіні маған және күйеуіме жасалған қысым деп білемін», - деді ол үндеуінде.

Бұған қоса, Есеева отбасы үшін уайымдайтынын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан жеке қабылдауын өтінді.

«Мен қарапайым азамат ретінде сізден көмек сұрауға мәжбүрмін. Басқа шарам жоқ. Қазір мен өзімнің, күйеуімнің және балаларымның өмірі үшін қорқамын. Қасым-Жомарт Кемелұлы, мені жеке қабылдауыңызды сұраймын. Онда мен сізге осы іс бойынша мән-жайды айтып беремін. Немесе Ішкі істер министріне мені жеке қабылдауына тапсырма беруіңізді сұраймын. Мен бірнеше мәрте министрдің қабылдауына өтініш бердім, мені қабылдамады. Менің өтінішім жауапсыз қалмайды деп үміттенемін. Мен заң үстемдігі билік құрған әділетті Қазақстанға сенемін», - деп толықтырды ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама