55 жасында зейнетке шыға алатын кеншілер қандай талапқа сай болуы керек
Заң жобасы жыл соңына дейін енгізілуі қажет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова кеншілердің зейнет жасын төмендету мәселесіне қашан нүкте қойылатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Светлана Жақыпованың айтуынша, министрлік жыл соңына дейін заң жобасын енгізуі керек.
Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларымен бірлесіп, есептеулер жүргізіп жатыр. Біз өз тарапымыздан екі талапты айқындадық: бұл шахтерлердің 55 жастан асуы және БЖЗҚ-да 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы, - деді Светлана Жақыпова Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді.
«Төлемдер үш көзден: республикалық бюджеттен, өмірді сақтандыру компаниялары мен жұмыс беруші есебінен жүргізіледі.
Біз бір күнкөріс шегі көлеміндегі бюджеттік өтінімді рәсімдедік. Оның 3 жылға арналған сомасы: 45 млрд теңге, яғни жылына 15 млрд теңгеден.
Мұның бәрі шахтердің зейнетақы жинағының қорына байланысты болады. Зейнетақы жарнасын аудару 84 ай бойы жүруге тиіс. Осы төлемге үміткер адамдардың саны 46 мыңға жуық. Бірақ олар екі талапқа да сәйкес келуі керек – 55 жас және 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы», - деді ведомство басшысы.