Рахман Сатиев қазір Орынборда оқиды
Ақтөбелік жас әнші Рахман Сатиев Ресейдің «Россия 1» телеарнасында қонақта болды. «Песни от всей души» бағдарламасына қатысқан қазақстандық өнерпаз «Золушка», «Увезу тебя я в тундру» әнін орындап, өзі жайлы айтып берді.
Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбеде туып өстім. Орынбор мемлекеттік өнер институтында оқып жатырмын. Анамның айтуы бойынша, жасқа толмай-ақ ән айта бастаған екенмін, - деді Рахман Сатиев.
Айтуынша, музыкалық мектепті тәмамдаған соң музыкалық колледжге оқуға түскен. Ол жерде Марат Айтимовтан дәріс алған.
Ол кісі Димашқа да сабақ берген. Димаш екеуміз бір колледжде оқыдық. Бір қаланың тумасымыз, - деді ол.
Айта кетейік, Рахман Сатиев 2003 жылы Ақтөбеде туған, «Қазақстан дауысы 2021» жобасының финалисі.
2023 жылы Сербияда өткен «Kustendorf CLASSIC» орыс классикалық музыкасының оныншы фестивалінде Рахман Сатиев жеңімпаздар арасынан көрінді. Сондай-ақ Рахман Сатиев «ресейлік студенттік көктем» (Пермь) XXXI фестивалінің жүлдегері атанды.