Сыртта адам көп, іште көлік жоқ: автокредит ресімдеуге барғандар құр кеңес алып қайтты
Бүгін бағдарлама бойынша өтінішті тек бір банк қабылдап жатыр
Бүгін Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы іске қосылды. Елордадағы автосалондардың алды адамға лық толы. Әсіресе, Тұран даңғылының бойында орналасқан Allur Auto алдына жиналған адам нөпірі өте көп. Олар тек сатылымда көлік бар деген Chevrolet орталығының алдына жиылған.
Таңғы сағат 08:00-ден бастап автосалон алдында кезекке тұрғандардың қатары 2-3 сағат ішінде 300-ден асты. Сауда орталығының өкілдері банктерден қаржыландыру басталмағандықтан, қолма-қол ақшаға алу мен төлем қалай жүретіні жөнінде тек консультация (кеңес – авт.) беріп жатқанын айтады.
Таңнан бері кезегін күтіп тұрған елордалық Досхан Арғынбаев есімді тұрғынның айтуынша, дәл осы Allur Auto-да Chevrolet cobalt және Nexia көліктері барын естіген. Бірақ оған көз жеткізбеген.
«Бізге төлем есеп қағазын берген жоқ. Оны бергеннің өзінде бір күнге ғана жарайды. Құны 10 миллион теңгеге дейін қандай көлік бар, соны аламын. Жалғыз мен емес, бүкіл халық соны алғысы келеді. Таңдап отыратын шама жоқ. Өйткені, KIA-ға барсаң 1 ай күтесің, Hundai-ға барсаң 2 ай күтесің. JAC-та көлік бағасы өте қымбат. Ол көліктер біздің жолымызға да шыдамайды. Бізге Біздің көңілімізге де, жолымызға да лайықтысы – Chevrolet», - дейді ол.
Көлік кезегінде тұрғандардың айтуынша, желтоқсан айында толық комплектациясы бар Nexia (Қозғалтқышы - 1,6, автомат) көлігінің құны 5,1 млн теңге болған. Қазір 6 млн теңгеге дейін қымбаттапты. Яғни, теңгенің 1 долларға шаққандағы бағамы қайта қалпына келгенімен, көлік бағасы аспандап бара жатыр.
Жандос Базарбаев тағы бір елордалық тұрғын Kia автосалонында таңнан бері кезекте жүргенін айтты. Оған менеджерлер телефон нөмірін қалдыруды, кезегі келгенде өздері хабар беретінін айтқан. Өйткені, салонда көлік жоқ. Ал кезегі нақты қашан келетінін білмейді. Оның қолына тек көліктің бағасы жазылған бір тілім қағаз берген.
Елімізде 4% жеңілдікпен автокредитті бастапқы кезеңде төрт банк береді. Бүгін сағат 14:00-ден бастап қазақстандықтар «Центркредит Банкіне» банкіне өтініш бере алады.
Жалпы, бағдарламаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде несиені «Халық банкі», «Центркредит Банкі», Forte Bank және «Еуразиялық банк» береді.
Жеңілдетілген автокредит алу шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі: 4 пайыз
- несие сомасы: 10 миллион теңгеден аспайды
- қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан аспайды
- бастапқы жарна: 0 пайыздан бастап
- көлік құны: 15 миллион теңгеден аспайды.
Сондай-ақ қарыз алушы екі жылдың ішінде бір реттен артық автокредит ала алмайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға автокредит алуға басымдық беріледі.