×

СҚО-да сегіз ірі қара мал басынан қауіпті ауру анықталды

Жыл басынан бері өңірде қауіпті ауру анықталған 85 ірі қараның көзі жойылды

 Самат Жақып 16.05.2022 | 13:38
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллез ауруының тағы бір ошағы анықталды. Бұл жолы Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово ауылында 8 ірі қара малдан қауіпті ауру табылды.

Жергілікті ветеринарлар Боголюбово ауылын қатаң бақылауына алды. Аурудың жаппай таралуына жол бермеу үшін округ әкімі мен ветеринардың шешімімен ауылда жақын күндері шектеу шаралары енгізілетін болады. Жалпы өңірде биыл қауіпті ауруды жұқтырған 85 ірі қараның көзі жойылған екен.

«Мамандар жыл басынан бері облыста 345 418 мал басын тексерді. Соның нәтижесінде 85 ірі қарадан бруцеллез анықталды. Қауіпті індет облыстағы Айыртау, Ақжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов және Қызылжар аудандарында анықталды. Соңғысы Боголюбово ауылында тіркелді. Айта кету қажет, былтыр күзде ғана дәл осы ауыл карантинге жабылған болатын. Міне, биыл тағы анықталып отыр. Енді әр 15-20 күн сайын мұндағы малдардан сынама алынады. Жағдай реттелгенше, мәселе біздің бақылауымызда болады», - дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлімі басшысы Қайырлы Қазанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама