«Келінжан» сериалының актері қайтыс болды: Гүлнұр Мамасарипова телесериалға қатысты қандай жоспары барын айтты
Актердің қазасына қатысты сценарийде бірқатар өзгеріс болады
Көпшіліктің көзайымына айналған танымал қазақстандық «Келінжан» телехикаясындағы Қасым ата рөлін сомдаған белгілі актер Сағат Жылгелдиев 15 мамыр күні қайтыс болды. Осыған байланысты Halyq Uni тілшісі телехикаяның 3-ші маусымында болатын өзгерістер туралы білу үшін сериал продюсері Гүлнұр Мамасариповамен сөйлесті.
Қаза аяқ астынан болғандықтан, біз әзірге түбегейлі бір шешімге келмедік. Дегенмен, сценарий өзгеріске ұшырайтыны анық. Қасым атаның рөліне басқа актерді алмаймыз, – деп жауап берді Гүлнұр Мамасарипова.
«Келінжан» телехикаясы – Youtube-та және арна эфирінде рейтингі жоғары отбасылық телехикая. Youtube видеохостингі арқылы телехикаяның алғашқы бөлімін он күннің ішінде 2 миллионнан астам көрермен тамашаласа, бүгінге дейін алғашқы маусымының барлық 25 бөлімі 50 миллионнан астам қаралым жинаған.
Еске сала кетсек, театр және кино актері Сағат Жылгелдиев 68 жасқа қараған шағында 15 мамыр күні дүниеден өтті. Ғұмырының 45 жылын театр өнеріне арнаған танымал актер Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында небір шоқтығы биік рольдерді сомдады.
Ол ойнаған Ақын (И.Сапарбаевтың «Ауылдан келген аруында»), Байжан (И.Ғайыптың «Алтын ажалында»), Абдолла (С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде»), Қожа Ахмет Иасауи (О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында»), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері – Ақтоқтысында») т.б. рольдерін мамандар жақсы бағалаған.
Бұған қоса, Сағат Жылгелдиев отандық фильмдер мен телесериалдарда бірқатар рөлдерді сомдады.