Адвокаттар форумы: Қазақстан заңгерлерінде адвокаттар секілді жауапкершілік жоқ

Ербол Тұрымбет

Елімізде бүгінде 6 мыңнан астам адвокат жұмыс істейді

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда заңгерлерге адвокаттар секілді құзырет берілген. Бірақ адвокаттар селкілді тәртіптік реттеу мен жауапкершілік қарастырылмаған. Бұл туралы Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев VII Қазақстандық халықаралық адвокаттар форумында айтты. 

Оның сөзінше, адвокаттар алқасы әр облыста бар. Олар республикалық орталыққа бағынады. Яғни, бірыңғай құрылған жүйе қалыптасқан. Ол Түркия, Германия, АҚШ секілді дамыған елдердің стандарттарына сай келеді. 

Жалпы, дұрыс жүйе осылай болу керек. Ал юристік консультанттарда мұндай қалыптасқан жүйе жоқ. Олардың 40-тан астам палатасы бар. Жалпы бізге неге бұлай бөлінетініміз түсініксіз. Оларға да осындай-ақ құқық пен құзірет берілген. Алайда біздегідей жауапкершілік жоқ. Яғни, реттеу шаралары, тәртіптік кеңес, емтихан талаптары оларға қолданылмайды. Ал біз елімізде халықаралық стандарттардың толық орнағанын қалаймыз. Бір мамандық – бір ұйым болуы керек, - дейді Айдын Бикебаев. 

Оның сөзінше, мәселен, Германияда адвокатура тәуелсіз. Сонымен қатар, оларда адвокаттық монополия қалыптасқан. Ал Қазақстанда кім көрінген сотқа барып біреудің құқын қорғай алады. Оны кәсіп етіп алған. Ал Германияда Адвокаттар қауымдастығының лицензиясын алған адвокаттар ғана қорғайды. 

Германия Федералды адвокаттар палатасы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Вероника Деннингердің айтуынша, Германияда бүгінде 82 млн халыққа 165 мыңдай адвокат жұмыс істейді. Барлық адвокат бір орталыққа – өңірлік адвокаттар палатасына біріккен, соған кіруге міндетті. Ал өңірлік палаталар Федералды палатаға қарайды. Мұндай монополия сот барысында да, одан тыс заң кеңестеріне де жүреді. Яғни, кез келген ақылы заң кеңесін тек адвокаттар ғана жүргізеді. 

Сондай-ақ, ондағы сотқа жүгінетін кез келген азамат адвокат арқылы келуі керек. Ал адвокат жалдауға ақшасы жетпейтін азаматтар үшін Германия үкіметі жылына 300 млн еуро бөліп отырады. 

Жалпы, Германиядағы заң қызметі нарығы қазір Еуроодақтағы ең ірі нарық. Жылына заң қызметі үшін 29 млрд еуро жұмсалады. Алдында одан жоғары Ұлыбританияда 40 млрд еуро болатын. 

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан адвокаттар алқасы Халықаралық адвокаттар алқасына мүше. Қазір Азия адвокаттар алқасына кірмек. 

Қазақстанда 6 мыңнан астам адвокат бар. Егер халықаралық ұйымдар Венециялық комиссия, Халықаралық қауымдастық барлық заңгер адвокат болуы керек деген ұсыныс беріп жатса, адвокаттар саны 20 мыңға барады. Ол Қазақстан үшін жеткілікті. Мысалы, Түркияда 85 млн халық болса, 130 мыңдай адвокат бар, дейді Айдын Бикебаев.