Бас прокуратура тексеру нәтижесін жариялады
Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, елімізде рұқсат етілмеген полигондардың көлемі азаймай тұр.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» мекемесінің ғарыштық бақылау нәтижесіне сәйкес, өңірлерде жыл сайын 9 мыңға жуық жаңа полигон анықталады. Мысалы, Алматы қаласының прокуратурасы Алатау, Медеу, Түрксіб аудандарынан 17 коммуналдық және өндірістік қалдықтар көмілген жерді тапқан. Қазір прокуратураның талабы бойынша қоқыс полигондары жойылды», – деді Дүйсембай.
Жалпы, тексеру қорытындысы бойынша, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы экология департаменттерінің басшылары, сондай-ақ профильді министрліктің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапқа тартылды.
Табиғат қорғау инспекторлары бюджетке 33 млрд теңгеге жуық экологиялық шығынды, сондай-ақ 12 млрд теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлды өндірді. Үкіметке заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді, – дейді ол.
Бұған дейін Ақтөбенің қауіпті өндірістік қалдықтар астында қалып отырғаны белгілі болды.