Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр
Қарасора өсіру үшін жылыжай салған қарағандылық азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарағанды облыстық ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасына Қарағанды қаласында белгілі бір азаматтың жылыжай салып, ол жерде қарасора өсіріп жатқандығы туралы ақпарат түсті. Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы ақпаратқа қатысты жер үйде тұратын 50 жастағы азамат ұсталды. Ол жылыжайды арнайы қарасора өсіру үшін салғандығын мойындады.
Тәртіп сақшылары жылыжайдан 421 түп қарасора, 500 грамм кептірілген марихуана, суару шлангысы, марихуана пайдалану құралын тәркіледі. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-бабына («Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру») сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.