Тәртіп сақшыларының бірі ауруханаға медициналық көмекке жүгінді
Павлодарда полицейге қарсылық көрсеткен азамат жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, «102» арнасына қаладағы дәмханалардың бірінде жанжал болып жатыр деген шақырту түскен. Шақыртуға барған полицейлер дәмханаға келушілер арасында болған жанжалдың төбелеске ұласқанын анықтады. Мас болған (медициналық куәландырумен расталды) жанжалға қатысушылар полицияның заңды талаптарына бағынбаған. Ер адам оқиға орнынан қашуға тырысып, полицейге қарсылық көрсеткен, сонымен қатар погондарын жұлып, нысанды киімдерін бүлдірген.
32 жастағы күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Полицейлердің бірі ауруханаға медициналық көмекке жүгінді. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 4-бөлімінің 1-тармағы («Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, – делінген хабарламада.