×

Жасанды интеллект адами құндылықтар туралы ойламайды – футуролог

Астанада Nobel Fest 2023 халықаралық фестивалі өтіп жатыр 

 Айгерім Таубай 05.10.2023 | 13:22
фото: Halyq Uni

Nobel Fest 2023 фестивалінде футуролог Герд Леонгард 10 жылдан кейін жаңа жасанды интеллект пайда болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

…Өзіміз де, әлем де цифрландырылып жатыр. Жасанды интеллект бізді сол бағытта жетектеп бара жатыр. Виртуалды шындық, биотехнологиялар… Біздің балаларымыз басқалардың сезімін сезіне алатын бола ма? Мұның бәрі қажет. Біз бұл технологиялардан арыла алмаймыз. Жасанды интеллект бәрібір дамиды, біздің өмірімізге енеді. Біз өзімізді қорғай білуіміз керек, - дейді Герд Леонгард.

Айтуынша, ChatGPT-де жылдамдық бірініші орында, бірақ мәніне толық ене бермейді.

Осындай жағдайда жасанды интеллект шындықты ойдан шығаруы мүмкін. (…) Жасанды интеллект барлығын біледі. Facebook желісінде кіммен сөйлескеніңізді, не іздеп, не көргеніңізді жадында сақтайды. Бұл - біздің үлкен қорқынышымыздың да көрсеткіші. Кез келген жақсы нәрсені көп пайдаланса, уға айналады, - дейді спикер.

Айтуынша, технологияда этика жоқ. Ол адами құндылықтар туралы ойламайды. Оның айтатыны тек – факт.

Қазір жасанды интеллектті басқара алған адам әлемді басқара алады деп айтады. Жаңа сценарий қарастыруымыз керек, - деді ол.

University College London неврология институтының профессоры, Université de Lausanne неврологиялық кафедрасының меңгерушісі Ричард Фраковяк адам миын күрделі құрал деп атап, компьютер емес екеніне назар аударды.

«Адамның миы – күрделі құрал. Ол жаны бар организм, бірақ ол компьютер емес. Компьютер қандай да бір операцияларды орындайды. Адамның миы тұлғалық қабылдауды жүзеге асырады», - дейді Ричард Фраковяк.

Nobel Fest — Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама